Астана қаласындағы "Damu Mall" сауда орталығында қазақ күресінен өтетін "Қазақстан Барысы – 2025" республикалық турнирінің қатысушылары салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бұл – үлкен финал алдындағы шешуші сәттің бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айта кетейік, биыл "Қазақстан Барысы" республикалық турниріне жолдама алған екі балуан Астана қаласының намысын қорғайды. Олар – Олжас Шынкеев пен Мейіржан Сламшайықов.
Бұл спортшылар елорда төрінде өткен республикалық турнирге іріктеу жарысы – "Астана Барысы" қалалық турнирінде жеңімпаз атанып, ел біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алған болатын.
Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Жадыра Жақып турнирдің мәні мен маңызына тоқталып өтті.
"Қазақстан Барысы" – ұлттық рухты асқақтататын, қазақтың батырлық болмысын дәріптейтін бірегей жоба. Биылғы турнир Республика күні қарсаңында өтіп отыр. 43 балуан өз өңірінің намысын қорғап, ел абыройы үшін бозкілемге шығады. Салмақтары – 91 мен 167 келі аралығында. Қазақ күресіндегі "Күш атасын танымайды" деген қағида дәл осы додада айқын көрінеді. Жеребе ашық түрде, тікелей эфирде өткізіледі. Кім мықтыны бозкілем анықтасын", – деді ол.
Аталған айтулы дода Республика күніне орай ұйымдастырылып отыр. Турнирге еліміздің барлық облысы мен ірі қалаларындағы іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысады. Сонымен қатар өткен жылғы "Қазақстан Барысы – 2024" турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев пен "Әскер Барысы" сайысынан екі спортшы додаға қосылады.
18 қазан күні сағат 12:00-де Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін финал – нағыз ұлттық спорт мерекесіне айналмақ. Еліміздің ең мықты балуандары бозкілемде белдесіп, жанкүйерлерге тартысты сәттер сыйлайды.
Турнир жеңімпазы "Қазақстан Барысы-2025" атағын иеленіп, ел мақтанышы саналатын "Алтын белбеу" мен алтын "Тайтұяқтың" иегері атанады. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры – 27 миллион теңге.