Сыр өңірінен республикалық "Қазақстан барысы" жарысына қатысатын балуандар белгілі болды, деп хабарлйды ҚазАқпарат.
Қызылорда қаласындағы "Евразия" спорт кешенінде қазақ күресінен облыстық "Алтын белбеу" сайысының ақтық кезеңі мәресіне жетті. Балуандардың аталмыш бәсекесі биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып отыр.
Ол үш кезең бойынша өткізілді, төрт жас деңгейінде 8000-ға жуық спортшы қатысты.
Ал алтын белбеу иесін анықтайтын түйе балуан сайысына 24 спортшы қатысты. Олардың арасында қызылордалық Мақсат Исағабылов "Сыр Барысы" атанып, "Алтын белбеу" белдігіне ие болды. Оған 1 млн 125 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Мақсатпен финалда тайталасқа түскен "Сыр Арланы" аралдық Нұрым Сəлімгереевке 540 мың теңге берілді. Сондай-ақ, үшінші орын алып "Сыр Сұңқары" атанған қармақшылық Марат Баймахановқа 360 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президентінің жүлдесі үшін өтетін "Қазақстан Барысы" республикалық турниріне Қызылорда облысынан Мақсат Исағабылов пен Нұрым Сəлімгереев облыс намысын қорғайды.
Естеріңізге сала кетелік, "Қазақстан барысы" жобасы алғаш рет 2010 жылы Қызылорда облысында бастау алды. Ал 2011 жылдан бастап аталмыш турнир республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Сыр өңірі балуандарының арасынан бүгінге дейін Ұлан Рысқұл – 2011, Еламан Ерғалиев 2017 жылы республикалық "Қазақстан барысы" атағын жеңіп алды.