Оралда қазақ күресінен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін "Қазақстан барысы" турнирінің облыстық іріктеу сайысы мәреге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дәстүрлі жарысқа облыс аудандары мен Орал қаласынан барлығы 13 балуан қатысып, бақ сынады.
Финалда Бөрлі ауданының өкілі Темірлан Көлбай казталовтық Бекайдар Меңдешевті таза ұтты.
Үшінші орын белдесуде бәйтеректік Ерлан Мұсағалиев жарақатына байланысты кілемге шықпай қалды да, жеңіс қарсыласы, жаңақалалық Ерасыл Ахметовке берілді.
Биылғы ерекшелік, жеңімпазға "Жайық барысы" белдігі табыс етілді.
Сондай-ақ чемпионға - 150 мың, екінші орын иегеріне - 100 мың, үздік үштікті түйіндеген балуанға 50 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды.
"Қазақстан барысы" республикалық турнирінде Т.Көлбай мен Б.Меңдешев облыс намысын қорғайтын болады.
Жарысқа қазақ күресі облыстық федерациясының вице-президенті Әсет Сұлтанұлы демеушілік көрсетті. Жалпы, ол қазақ күресінен алды республикалық деңгейде жүлде алып жүрген балуандарға үнемі қолұшын беріп келеді.
Жарыс Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің (ректоры Асқар Наметов) жаңадан салынған, әдемі безендірілген спорт кешенінде өтті.