Қазақстан бауырлас Түркиямен стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайтады

163

Жылдық рұқсат әскери-транспорттық авиацияға ғана беріледі. 

Қазақстан бауырлас Түркиямен стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайтады Фото: ЖИ

Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы Қазақстан мен Түркияның әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты сенатор Дархан Қыдырәлі таныстырды. Келісімге екі мемлекет аумағының үстінен әскери мүлік пен персоналды әуе арқылы транзиттеу үшін тараптар елдердің әуе кеңістігін өзара пайдалану, әскери ынтымақтастыққа қолайлы жағдай жасау және шарттарды реттеу мақсатында 2024 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған. 

"Келісім Қазақстан Республикасына БҰҰ-ның бітімгершілік миссиялары шеңберінде белгіленген жерлерге жету үшін Түркия әуе кеңістігін жүйелі түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Өздеріңізге мәлім, "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген жағдайдан басқа, Қазақстан аумағы арқылы шет мемлекеттің әскери құрылымдарын, қару-жарағы мен әскери техникасын транзиттеуге жол берілмейді", – деді депутат.

Келісім тараптарға қауіпсіздік пен бақылау тетіктерін қамтамасыз етеді. Әскери мүлік пен персонал транзиті тек екі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін рұқсат негізінде жүргізіледі.

"Рұқсаттарға сұрау салулар белгіленген мерзімдерде дипломатиялық арналар арқылы беріледі. Жылдық рұқсат тек әскери-транспорттық авиацияға берілетінін атап өтеміз. Дипломатиялық рұқсаттың бір жылдық нөмірі әскери мүлік пен персонал, сонымен қатар ресми делегациялар, гуманитарлық көмек, оқу-жаттығуларды қамтамасыз ету, дипломатиялық жүк транзиті үшін қолданылады. Бұл ретте әрбір мемлекет транзитке кез келген рұқсат беру туралы сұрау салудан бас тарту, сондай-ақ әскери мүлік пен персоналдың транзиті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін жағдайда берілген рұқсаттың қолданылуын тоқтату немесе қайтарып алу құқығын өзіне қалдырады", – деп атап өтті ол.

Дархан Қыдырәлі келісімді ратификациялау әуе кемелеріне екі мемлекеттің әуе кеңістігін пайдалануға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сенатор Алишер Сатвалдиевтің сөзінше, Қазақстан үшін бауырлас Түркиямен стратегиялық ықпалдастықты одан әрі нығайту – сыртқы саясатымыздың маңызды басымдықтарының бірі.

"Құжатта әскери мүлік пен персоналдың транзитін реттеудің нақты тетіктері айқындалған, уәкілетті органдар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі жүйеленіп, рәсімдер оңтайландырылады. Ең бастысы Қазақстан Республикасының егемендігі, ұлттық мүддесі мен қауіпсіздік басымдықтары толық сақталады. Еліміз кез келген жағдайда транзитке рұқсат бермеуге немесе оны тоқтатуға толық құқылы. Бұл – аса маңызды саяси әрі құқықтық кепілдік", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу