Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды тағы 6 айға ұзартпақ

250

Тиісті бұйрық жобасын Энергетика министрлігі әзірледі.  

Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды тағы 6 айға ұзартпақ Фото: asia24.media

Еліміз бензин, дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерін елден әкетуге салынған тыйымды тағы 6 айға ұзартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жобаға сәйкес, тыйым 2026 жылғы 22 қарашадан бастап 2027 жылғы 22 мамырға дейінгі аралықты қамтиды. Шектеулер Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге жеткізілетін өнімдерге де қолданылады.

2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын экспорттауға тыйым салу жоспарланып отыр.

Дегенмен жобада бірнеше ерекше жағдайлар ескерілген. Шектеулер гуманитарлық көмек ретінде жеткізілетін жүктерге, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылатын мұнай өнімдерінің экспортына әсер етпейді.

Энергетика министрлігі ұсынылып отырған шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты түрде жабдықтауға бағытталғанын атап өтті.

Бұйрық жобасын талқылау 21 шілдеге дейін жалғасады. 

Сонымен қатар жанар-жағармай өнімдерін Қазақстан шекарасынан көрші елдерге заңсыз тасымалдайтындардың қатары көбейіп кеткендіктен шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу