Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жер алмасты

1655

Cенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасындағы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және БАӘ-нің Қазақстандағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды.

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жер алмасты

Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді: "Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері 1992 жылғы 1 қазанда дипломатиялық қатынас орнатылған сәттен бастап ынтымақтастықтың барлық салаларын нығайтуда елеулі табысқа қол жеткізді. 2017 жылғы 15 қаңтарда Әбу Даби қаласында жасалған келісімді ратификациялау екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру және дипломатиялық қатынасты дамыту үшін маңызды. Заң жобасының қабылдануы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды", – деді.

Оның сөзінше, келісімнің 1-бабына сәйкес Біріккен Араб Әмірліктеріне Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында көлемі 26 147 шаршы метр жер учаскесін береді. Ал Қазақстанға Әбу Даби қаласында дипломатиялық корпус орналасқан ауданнан көлемі 11 148 шаршы метр жер учаскесі 49 жылдық мерзімге өтеусіз пайдалануға, кейіннен осындай мерзімге ұзарту шартымен ұсынылады. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу