Соның бір көрінісі – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысуы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл Қазақстанның сыртқы саясатта бейбіт бастамаларды қолдап, нақты істер арқылы да әлемдік тұрақтылыққа атсалысқанының белгісі саналады. Қазақстан 2014 жылдан бері БҰҰ аясындағы бітімгершілік қызметке белсенді араласып келеді дей аламыз. Осы уақыт аралығында отандық әскери қызметшілер әлемнің түрлі аймағында халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосты. Қазақстандық бітімгерлер Ливан, Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан және Таяу Шығыс өңіріндегі миссияларда қызмет атқарды.
Бітімгерлердің міндеті – қарулы қақтығыстардың алдын алуға, атысты тоқтату режимін сақтауға, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақтылықты қалпына келтіруге көмектесу. Мұны үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап ететін қызмет деуге негіз бар. Өйткені, олардың жұмысы тек әскери даярлықпен шектелмейді. Бітімгерлер күрделі жағдайда шешім қабылдап, түрлі ұлт пен мәдениет өкілдерімен тіл табысып, адам өмірін қорғауды басты орынға қояды.
– Бітімгершілік дегеніміз не? Бұл – ел ішіндегі ауызбіршілік пен тыныштық. Тақырыпты тереңінен тарқататын болсақ, оның ауқымы мен маңызы таудан биік, теңізден терең.
Қазір әлем сахнасында әртүрлі жағдай болып жатыр. Оған түрлі себеп-салдар бар. Бұл – әр мемлекетің өз мәселесі. Ал, өзімізге келетін болсақ, қазір Қазақстанда бейбітшілік ахуалы тұрақты жағдайда. 130-дан аса ұлт пен ұлыс ұйысқан елімізде тұрақтылық пен тыныштық байрағы желбіреп тұр. Бұл көзге қуаныш, көңілге жылылық сыйлайды.
Бірлікте кеседегі су секілді,
Бір тамшысы қалмайды шайқай берсең" деп ақтаңгер айтыс ақыны Мұхтар Ниязов айтып еді.
Расымен де, бірлік пен бейбітшілік кез келген мемлекеттің айнымас ұстанымы болуы керек. Сонда ғана сіз бен біз күткен жарқын болашақ шұғылалы шуағын төге түседі. Байырғы бабаларымыз "Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан" деп бейбітшіліктің қандай құнды екенін бір ауыз сөзбен білдірген. Екі елдің өзара достығы мен сенімгерлігі кез келген сәтте аса қажет, – дейді айтыскер ақын Тұрарбек Бекмырзаев
Бейбітшілік туралы бейбіт өмірде айта салу оңай. Ол – адамзаттың ең асыл құндылығы. Әлемде әрбір бала қорықпай ұйықтап, әрбір ана баласының амандығына алаңдамай өмір сүрсе дейміз.
Бейбітшілік бар жерде береке бар, бірлік бар жерде болашақтың бейнесі елестейді. Адамзаттың ертеңі қарудың күшімен емес, ақылдың, келісімнің және өзара құрметтің арқасында қалыптасуы керек. Бір-бірін түсінуге ұмтылған қоғамда өшпенділікке орын азайып, татулыққа жол ашылады.
"Көк байрақтың иесі Көктүрікпін,
Дербестігім діңгегім деп біліппін.
Мен қазақпын, танып ал мәңгі елмін,
Тамырында табы бар тектіліктің.
Бағзы кезде басымнан не өтпеді,
Таңбаланып тұр тарих деректері.
Сақ, Ғұндардан басталған ата жолым,
Тұғырыма қондырды демеп мені" деп жырлайды кейіпкеріміз, ақын Тұрарбек Бекмырзаев.
– Осы орайда, мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір данышпан жаңа түскен келінін сынамақ болып, "Қарағым, сен үшін отбасында не маңызды?" деп сұрайды.
Сонда әке қасиеті мен ана өсиетін бойына сіңірген көргенді келін былай деген екен.
– Ата, мен үшін шаңырақ пен табалдырық өте құнды. Өйткені, шаңырақ – бейбітшіліктің шырағы. Табалдырық – татулық тұғыры, – депті.
Міне, осы бір ауыз сөз бейбітшіліктің қасиетін ұғындырып, қадірін арттыра түскендей, – деп сөзін қорытындылады айтыскер ақын.
Шыны керек, бітімгершілік – бейбітшіліктің бастамасы. "Тыныштықтан асқан байлық жоқ" дегенді бабаларымыз біліп айтса керек-ті.