Амбулаториялық қамтамасыз ету үшін 4 айда 32 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жөнелтілді, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Тегін амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған препараттарды жөнелту толық қарқынмен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 31,9 млрд теңге сомасында дәрі-дәрмек жөнелтілді. Мамыр айының өтінімдері бойынша дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды бірнеше өңірлерге жөнелту сәуір айының соңында басталып және қазіргі уақытта жалғасып жатыр.
Бүгінгі күні дәрі-дәрмектің көп бөлігі ШҚО-ға жөнелтілді, осы жылдың алғашқы төрт айында медициналық ұйымдар 4,3 млрд теңгеге дәрі-дәрмек алды. Алматыға қаңтардан бастап сәуірге дейін шамамен 3,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек түсті, ал Қарағанды облысына жөнелтілген дәрі-дәрмектер 3,4 млрд теңгеден асты.
Астана бойынша дәрі-дәрмектерді жөнелту 2,7 млрд теңгені құрап, сәуір айына медициналық ұйымдарға препараттарды жеткізу жоспары жоспарланған көлеммен салыстырғанда асып түсті.
Естеріңізге сала кетейік, бірыңғай дистрибьютор жеткізетін көлемі қатаң түрде медициналық ұйымдардың өтінімдеріне сәйкес қалыптасады.
Қазір қазақстандықтарды амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 432 атауы сатып алынды. Тұтастай алғанда, бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша амбулаториялық және стационарлық дәрілік қамтамасыз етуге арналған 1057 атау сатып алынған, ол жалпы қажеттіліктің 95%-ын құрайды.