Қазақстан бойынша дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды

189

Дәнге арналған жүгеріні жинау жалғасып жатыр.

Қазақстан бойынша дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды Фото: canva.com

Қазақстанда 26,5 млн тонна астық бастырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауыл шаруашылығы дақылдарының биылғы жылғы жалпы егістік алқабы 23,3 млн га құрады, оның ішінде 16,7 млн га – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Күзгі қолайлы ауа райы жағдайлары, жинау кезінде жауын-шашынға қарамастан, егін жинау науқанын елеулі шығынсыз жүргізуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінде республика бойынша дәнді дақылдарды жинау аяқталып, дәнге арналған жүгеріні жинау жалғасуда.  Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 99,7%-ы жиналды. Бүгінгі күнге орташа өнімділігі 16 ц/га құрап, 26,5 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы орташа өнімділік 10,3 ц/га болды", - деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің сөзінше, жоғары өнімділікке қолайлы ауа райы жағдайлары мен агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді.

Ведомство басшысы Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары өнімділік көрсеткіштері байқалатынын айтты. 

"Негізгі астық егетін өңірлер арасында ең жоғары өнімділік Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді, мұнда орташа өнімділік 18,6 ц/га құрады. Ақмола облысында – 14,1 ц/га, ал Қостанай облысында – 14 ц/га болды. Аталған өңірлерде агротехникалық іс-шараларды қатаң сақтайтын кіші шаруашылықтардың өздері де орташа деңгейден жоғары өнім алды", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі.

Айдарбек Сапаров өңірлерде агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтар бар екенін жеткізді.

"Сапасыз тұқымдарды пайдаланады, тыңайтқыштарды енгізбейді және өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткіліксіз қолданады, тек жақсы ауа райына ғана үміт артады. Нәтижесінде олардың көрсеткіштері аудан бойынша орташа деңгейден айтарлықтай төмен болды. Мұндай жағдайлар барлық облыстарда кездеседі. Осыған байланысты облыс әкімдерінен агротехнологияларды сақтамайтын шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу