Қазақстанға Орталық Азияға сапары аясында Амина Мұхаммед келген.
Президент көпжақтылық қағидаты мен халықаралық дипломатияны қалыптастырып, дамытуда дүниежүзілік ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БҰҰ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға бейілді екеніне тоқталып, оның жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі күн тәртібін толық қолдайтынын жеткізді.
Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаңа күн тәртібін әзірлеу үшін 2023 жылы жоғары деңгейдегі "Болашақтың саммитін" шақыру туралы бастамасын құптады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұқтаж елдерге гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан тарапынан қабылданып жатқан шешімдер туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрін жою жөніндегі Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған SpotLight Initiative өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру ісіндегі Амина Мұхаммедтің көшбасшылығын жоғары бағалады.
Өз кезегінде Амина Мұхаммед Мемлекет басшысына БҰҰ Бас хатшысының жүрекжарды сәлемін жеткізді.
БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Қазақстан мен БҰҰ-ның 30 жыл ішінде орнатқан көпжақты серіктестігінің деңгейіне жоғары баға берді.