Қазақстандық "Бейбітшілік жолындағы серіктестік" оқу орталығы (КАЗЦЕНТ) халықаралық бітімгерлік операцияларға қатысу үшін БҰҰ тарапынан сертификаттар мен әлем бойынша бітімгерлерді "Азаматтарды қорғау" және "БҰҰ штаб офицерлері" курстарында дайындау құқығына ие болды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ бас хатшысының бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялары бойынша орынбасары Жан-Пьер Лакруа қазақстандық нұсқаушылар әзірлеген және КАЗЦЕНТ негізінде жүргізілген бітімгерлік курстарының БҰҰ стандарттарына сәйкестігін тану туралы құжаттарына қол қойды.
Курстарды сертификаттау алдында Қазақстандағы бітімгерлерді оқыту әдіснамасы жете зерттелді, сондай-ақ КАЗЦЕНТ-тің материалдық-техникалық базасын, нұсқаушыларды дайындық деңгейін тексерген және оқу бағдарламаларының мазмұны мен олардың БҰҰ стандарттарына сәйкестігін бағалаған БҰҰ бітімгерлік операциялар департаментінің өкілі полковник Саид Тафидтің 2018 жылғы желтоқсандағы Алматыға сапары өтті.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі белсенді және табысты екі жылдық жұмыс нәтижесінде 2018 жылғы қазанда Қазақстан алғаш рет БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріне 120 әскери қызметкерден құралған бітімгерлік рота жіберді. Олардың көпшілігі КАЗЦЕНТ-те білім алды.