banner

Қазақстан Чехияға уран концентраттарын жеткізуді ұсынды

902

Еліміздің өндірушілері Чехия нарығына 324,8 млн доллардың өнімін жеткізе алады.

Қазақстан Чехияға уран концентраттарын жеткізуді ұсынды

Чехия мен Қазақстаның экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының басшылары бейнеконференция режимінде кездесіп, жылдың екінші жартысында Прагада өтетін 11-отырысқа дайындық барысын талқылады. 

Бүгінде екі елдің бірлесуімен Қазақстан аумағында құны 135 млн доллар болатын, қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасы салынып жатыр. Жиынтық құны 700 млн доллар болатын тағы 6 жоба пысықталып жатыр. 

Қазақстандық сарапшылар дайындаған тізбеге сенсек, Чехия нарығына тағы 324,8 млн доллардың 45 түрлі өнімін шығару мүмкіндік бар екен. 144 млн долларға мұнай-химия өнімдерін, 61,5 млн долларға металлургия өнімдерін, 58 млн долларға тамақ өнімдерін, 20,4 млн долларға химиялық тауарларды, 26,1 млн долларға машина жасау өнімдерін, 14,8 млн долларға құрылыс тауарларын жеткізуге мүмкіндік бар. 

"Нақты ұсыныстарға келсек, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы Чехияның энергетикалық кәсіпорындарына табиғи уран концентраттары мен уран өнімдерін жеткізе алатыны айтылды. Қазақстан аумағында чехиялық технологияға негізделген станоктар мен қосалқы бөлшектер  өндіретін технопарк, компоненттік база өндірісін дамытуға арналған ғылыми-зерттеу орталығын құру мүмкіндіктері де талқыланды. Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін пайдаланып, Қытайдан Еуропаға жөнелтілген контейнерлік жүктерді Чехия арқылы тасымалдау жобасы да ұсынылды", - деп жазады сауда және интеграция министрлігінің ресми сайты. 

Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 2019 жылы 380,4 млн доллар болған. Қазақстан тарабы ұсынған жобалардың бәрі Чехия тарапынан қолдау тапса, бұл көлем шамамен екі есе артар еді. Қазірдің өзінде Чехияның сырттан алатын өнімдерінің 4,5%-ы Қазақстаннан барады. Ал Қазақстанға Чехиядан келетін импорт көлемі 11,2% қысқарып, 247,6 млн доллар болған.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу