Кәсіпқой лига мамандары футболдан Қазақстан Чемпионатының өткен маусымдағы үздік голын анықтау мақсатында арнайы сауалнама ұйымдастырған болатын.
Оған спорт жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сауалнама ҚКФЛ Вконтакте әлеуметтік желісінің ресми тобында өткізілді. Жанкүйерлер таңдауына тамыз, қыркүйек, қазан және қараша айларында өткен сауалнама бойынша үздік атанған 4 гол ұсынылды. Шараға барлығы 1199 адам қатысты.
Сауалнама қорытындысы бойынша 2020 жылғы OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатының ең үздік голының авторы болып Асхат Тағыбергеннің есімі аталды.
Қызылордалық футболшы жетінші турдағы "Қайсар" – "Тобыл" (2:1) кездесуінде алыстан гол соққан-ды.
Қызылордалық команда ойыншысының голына 570 (47,54 %) қатысушы дауыс берді.
Айта кетейік, Асхат Тағыберген ҚР ұлттық құрамасында ойнайды. Ол бұған дейін де ел біріншілігінде үздік голлардың авторы атанған.