Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің цифрлық трансформациясындағы негізгі басымдықтың қатарына адамға бағдарланған қызметті дамыту, IT-сала үшін қолайлы жағдай жасау, IT-инфрақұрылымды кең көлемде модернизациялау, цифрлық экономиканы және индустрия 4.0-ді дамыту, адам капиталын нығайту кіреді.
"Жаңа идеялар мен серпінді жобалар еркін қоғамда ғана пайда бола алатынына сенімдімін. Сол себепті де елді ауқымды жаңғырту шеңберінде әділетті Қазақстанды – баршаға тең мүмкіндіктер мемлекетін құруды көздеп отырмыз. Ақпараттық өркениеттің гүлденуі цифрлық көшпенділер сияқты құбылысты тудырды. Заманауи диджитал-номадтар жаһандық кибер және физикалық кеңістікті белсенді игеріп, жаңа өнімдер мен нарықтар құруда", - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Президент ақпараттық өркениеттің әр адамның өзін-өзі дамытуына үлкен мүмкіндіктер ашатынын да атап өтті.