Қазақстанның Даму банкі мен "Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы" АҚ 9,16 млрд теңге көлемінде кредит желісін ашу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайлды inbusiness.kz сайты.
Жоба "ЭКСЖ" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады және Жетісу облысындағы электр желісі инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.
Қаржыландыру аясында Талдықорған, Үштөбе, Сарқан қалалары, сондай-ақ Көксу, Қаратал, Ескелді, Кербұлақ және Ақсу аудандарындағы электр желілері жаңартылады.
Атап айтқанда, әртүрлі кернеудегі 465 шақырымнан астам электр беру желісі қайта жаңғыртылып, кабель желілері жаңартылады. Сонымен қатар екі ірі қосалқы станса реконструкциядан өтеді.
– Бұл жоба өңірдегі электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті жобаға қатысушылар.
Жоба Қазақстанның Даму банкі тарапынан "ЭКСЖ" аясында қолдау тапқан табиғи монополиялар субъектілерінің екінші жобасы болып отыр.
Жалпы алғанда, мұндай жобалар электр желісімен қамтылған өңірлерде 1,5 миллионнан астам тұрғынға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.