Кері тартып отырған басты екі мәселе бар. Соның бірі - кедейшілік. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын әлеуметтік теңсіздік күшейіп келеді. Екіншісі су тапшылығы. Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, оңтүстік пен батыс өңірінің тұрғындары әлден осы проблеманы көріп отыр. Салдарынан әлемдік рейтингте 2021 жылы жылы 59-ші орында тұрған Қазақстан 65-ші орынға түсті.
"Елімізде кедейлердің саны жыл сайын артып келеді. Қала мен ауыл тұрғындарының табыс айырмашылығы едәуір боп барады. Қалаға қарағанда ауылдарда кедейлер саны бір жарым есе көп. Алдағы 15-20 жылда суға сұраныс 1,5 есеге артады. Сондай-ақ Қазақстанға келетін су көлемі де азайып келеді. Біз су ресурстарын тиімді басқаруымыз керек. Сондықтан қоршаған ортаға, азаматтардың денсаулығын жақсартуға, білім сапасын арттыруға қатысты мәселелерді шешу маңызды", - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Осы сынды мәселелерді шешу үшін Тоқаевтың тапсырмасымен Парламенттік комиссия құрылды. Оған сенат спикері Мәулен Әшімбаев төрағалық етеді. Ел тұрақты даму үшін қойылған мақсат пен міндеттерді бақылайтын топтың құрамына сенат және мәжілістің 18 депутаты кірді. Бүгін соның алғашқы отырысы өтті.