Негізінен, отандық дәретхана қағазы экспортқа мүлдем шығарылмайды деуге негіз бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаңтар-қараша айларында дәретхана қағазының жалпы ресурстарының тек 44%-ы ғана (59,3 мың тоннадан 26 мың тонна) отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілген. Жылдық мәнде өз-өзін қамтамасыз ету деңгейі 20 пайыз төмендеп, кем дегенде 2019 жылдан бергі ең нашар көрсеткішке жетті.
Алдыңғы 6 жылда салыстырмалы түрде көрсеткіш тұрақты болды, орташа мәні – 65% (11 айлық кезең салыстырылған).
– 2025 жылы қалыптасқан жағдайдың ерекше екенін ай сайынғы деректер де растайды. Қаңтардан қарашаға дейін дәретхана қағазы ресурстарындағы өндірістің үлесі, ақпанды қоспағанда, 50%-дан төмен деңгейді ұстап тұрды. Бұған дейін мұндай жағдай байқалмаған. Осылайша, жылдың басында байқалған қағаз гигиеналық өнімдер бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейінің төмендеу үрдісі жыл соңына қарай бекіді.
Дегенмен, бұл көрсеткішті шартты деп қараған жөн. Себебі, пайыздық қатынас есептелетін ресурстарға тек өндіріс пен импорт кіреді. Мұндай тәсіл қоймада жиналып тұрған қорларды есепке алмайды. Ал негізінде шынайы өмірде барлық тауар бірден тұтынушыға сатылмайды, белгілі бір уақыт сақталады. Дәретхана қағазы да солардың қатарында, оны қоймада ұзақ уақыт сақтауға болады, – делінген DATA HUB хабарламасында.
Өндіріс үлесінің айтарлықтай төмендеуі жалпы ресурстар көлемінің өсуі аясында болып отыр. 2024 жылдың қаңтар-қарашасына қарағанда 33%-ға артқан. Бұл өсім импорттың екі еседен астам ұлғаюымен және өндірістің 11%-ға төмендеуімен байланысты болды.
Ерекше айта кетерлігі, дәретхана қағазын сатушы басты шет мемлекет әлі де Ресей болып отыр. Сандық импорттағы РФ үлесі 90%-дан асады. Ал Қазақстан ішінде жалпы көлемнің 70%-ын қамтамасыз ететін негізгі жеткізуші – Алматы. Дегенмен, өндірістің төмендеуіне қала айтарлықтай әсер еткен жоқ. Негізгі теріс динамика Алматы облысына, нақтырақ айтқанда, оның құрамындағы Қарасай ауданына тиесілі.
Отандық дәретхана қағазы экспортқа мүлдем шығарылмайды деуге болады: өндірілген көлемнің басым бөлігі дәстүрлі түрде ел ішінде қалады.