Қазақстанның елшісі Ақылбек Камалдинов аймақтағы экономиканың басым секторларымен сауда-экономикалық ынтымақтастық орнату мақсатымен Саскачеван провинциясына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Сапар барысында Саскачеван компанияларының Қазақстанға бизнес-миссиясын ұйымдастыру және Agribition ауылшаруашылық көрмесіне (2019 жылғы қараша, Регина, Саскачеван) Қазақстан делегациясын қатыстыру бойынша бірігіп жұмыс атқару туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстандық дипломат Батыс Канададағы ең ірі ауылшаруашылық көрмелерінің бірі Ag in Motion-ға барып, мал шаруашылығы мен ауылшаруашылық саласына арналған жабдықтар өндіретін компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді, сондай-ақ Канаданың агроөнеркәсіп кешеніндегі соңғы инновациялармен және технологиялармен танысты.
Көрме шеңберінде елшілік Канаданың агроөнеркәсіп секторы компаниялары өкілдерінің қатысуымен "дөңгелек үстел" ұйымдастырды, олар Қазақстанның экономикалық дамуының ағымдағы күйі, инвестициялық климаты және ауылшаруашылық саласындағы екіжақты қатынастардың даму перспективалары туралы хабардар болды.