22-23 қараша Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен "Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының" басқарма төрағасы Болат Сәрсембаев бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Өркениеттер Альянсының IX жаһандық форумына қатысты, деп жазады inbusiness.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің төрағалығымен өтіп, оған Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары да қатысты. Жиында сөз сөйлеген Қайрат Омаров Қазақстанның толерантты қоғам құрудағы бай тәжірибесін, сондай-ақ еліміздегі конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін атап өтті.
"Қазақстанның бастамасымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, сондай-ақ ү.ж. қыркүйекте өткен VII съездің қорытындыларына ерекше назар аударылды.Атап айтқанда, қазақстандық дипломат халықаралық қоғамдастықтың дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті", - делінген ақпаратта.
Форум жұмысы шеңберінде Сыртқы істер министрінің бірінші Қайрат Омаров БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі Жоғары өкілі Мигель Моратинос, Марокко Корольдігінің Сыртқы істер министрі Насер Бурита, Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Хина Кхар мен Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхамед Абделсаламмен екіжақты кездесулер өткізді.
"Аталған кездесулер барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы мәселелердің кең ауқымын талқылады. Шетелдік әріптестер Қазақстан халқын өткен президенттік сайлаумен құттықтап, қазақстандықтардың болашақта даму мен тұрақтылыққа дауыс бергенін атап өтті", - делінген ақпаратта.