Қазақстан делегациясы Гонконгте өткен жастарды дамыту жөніндегі III саммитке қатысты

308

Іс-шараға әр елдің мемлекеттік органдары, жастар ұйымдары мен іскерлік топтардың өкілдері қатысты.

Қазақстан делегациясы Гонконгте өткен жастарды дамыту жөніндегі III саммитке қатысты Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Гонконгте жастарды дамыту жөніндегі III саммит (Youth Development Summit) өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Саммитке Сингапур, Лаос, Жапония, Малайзия, Таиланд, Филиппин, Индонезия және өзге де елдерден 2 мыңнан астам адам жиналды. Қазақстан атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров барды.

Жиын барысында Қайрат Қамбаров мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік жастар саясаты "жастар үшін емес, жастармен бірге" қағидатына сүйенеді. Жастардың дамуына жол ашатын тетіктер қатарында белсенді әрі бастамашыл азаматтардан құралған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысы таныстырылды.

Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтін 235 жастар ресурстық орталығының қызметі туралы мәлімет берілді. Жас қазақстандықтардың мамандық игеруіне, қабілетін шыңдауға, өз жолын табуына қолдау көрсететін "JolTap", "Жасыл ел" жобалары, "Болашақ" халықаралық стипендиясы және "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты таныстырылды.

Пленарлық отырыстарда халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, әріптестікті нығайту, технологиялық инновациялар, мәдениет пен креативті индустриялар салаларында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Жастардың бастамаларын қолдау, шығармашылық қабілетін дамыту, қоғамдық өмірге және экономикаға белсене араласуына жағдай жасау мәселелері де сөз болды.

Саммитте Қазақстанның жастар саясаты саласындағы тәжірибесі таныстырылып, өзге елдердің осы бағыттағы жұмысымен танысуға және шетелдік әріптестермен байланысты кеңейтуге мүмкіндік туды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу