Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығын кеңейтеді

156

Елімізде 50-ден астам жоба іске асырылып жатыр.

Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығын кеңейтеді Фото: imd.org

Сенаттың пленарлы отырысында "Бір тараптан Қазақстан Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы Қазақстанның орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы" негіздемелік келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Бүгінде еліміз, өздеріңізге белгілі болғандай Дүниежүзілік банк тобымен 30 жылдан астам жұмыс істеп, көлік, білім беру, экология, цифрландыру, қаржы салаларында 50-ден астам жобалар іске асыруда. Ең ауқымды жобалардың қатарында көлік инфрақұрылымы жобалары бар. Мәселен, бүгінгі күнге дейін іске асырылған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізі аясындағы 304 шақырым құрайтын "Алматы – Қорғас" автожолын қайта жаңғырту жобасы, сондай-ақ, "Оңтүстік – Батыс" автожолдарын дамыту: "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізі жобасын атауға болады. Елімізде осындай жобаларды тиімді әрі жедел іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, Дүниежүзілік Банкпен стратегиялық өзара іс-қимылды жаңарту қажеттілігі туындап отыр", – деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Заң аясында қарастырылып отырған негіздемелік келісімге өткен жылғы 18 маусымда Астанада қол қойылған.

"Бұл Келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттік шығыстарды басым жобаларға қайта бөлу арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Келісім мемлекеттік кепілдікпен берілетін қаржыландыру құралдарын кеңінен пайдалану ұсынылады және бұл ұзақ мерзімге берілетін жеңілдетілген қаржыландыру түрі болып табылады. Сонымен қатар, Келісімде, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу саласында Дүниежүзілік Банктің саясаты мен қағидаларын, экологиялық және әлеуметтік стандарттарды және басқа да талаптарды қолдану көзделген", – деп атап өтті депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу