Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл жүк тасымалының жандануына себепші болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бірге іске асырғалы отырған жобаларымыздың бірі – "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізі. Яғни, Ресей Федерациясы мен Беларусь еліндегі тиісті жүктерді Қазақстан арқылы Түрікменстанға және одан әрі қарай тасымалдау мәселесі. Ол үшін теміржолға тиісті 50 пайыздық жеңілдіктер берілді. Мұның нәтижесінде осы жолдағы жүк саны артады деп отырмыз, – деді ведомство басшысы.
Марат Қарабаев "көлік дәлізінің қарқын алуы су көлігі саласына да әсер етееді" деген пікірде.
– Жалпы көлік дәлізі (Солтүстік-Оңтүстік) аясында Ресейден келе жатқан жүктер Ақтау және Құрық порттарын қолданбақ. Соның аясында өз порттарымызға тереңдету жұмыстарын жүргіздік. Бұл бастама жүк тасымалының ұлғаюына мүмкіндік береді. Дәл осындай тереңдету жұмыстары Ресейдің Махачкаласында да жүргізіледі деп күтіп отырмыз, – деп сөзін қорытындылады министр.