Қазақстан экономикалық еркіндік рейтингінде 40-орын алды

1434

Жаһандық рейтинг Қазақстан экономикасына "орташа еркін" деген "диагноз" қойып отыр.  

Қазақстан экономикалық еркіндік рейтингінде 40-орын алды

Бірден айтайық, әңгіме елдің ішіндегі экономикалық қатынастардың еркіндігі хақында болып отыр. Яғни өзге елдерге экономикалық тәуелділігі туралы емес. Рейтингті түзген америкалық "Мұра қоры" дейтін зерттеу орталығы елдегі азаматтардың экономикалық еркіндігін есепке алған. Яғни, үкіметтің өндіріске килікпеуі және бөгет болмауы, қызметтер мен тауарлар қатынасын реттеуге араласпауы, тек тұрғындардың экономикалық еркіндігін қорғау үшін ғана шаралар қабылдауы сияқты өлшемдерді басшылыққа алған. Бұл өлшемдердің бәрі 2020 жылдың қорытындысы бойынша жасалғанын айта кету керек.

Қазақстан осы өлшемдер бойынша ЕАЭО ішінде екінші, әлем бойынша 40 орын иеленген. 100 индекстің 69,9-ын алыпты.

"ЕАЭО елдерінің арасында  ең жақсы көрсеткішке Армения ие болды. 70,6 индекспен "айтарлықтай еркін" деңгейде тұр. Ең төменгі көрсеткіш Ресейде. 61 индекспен 94 орынға жайғасты. Оның да деңгейі – "орташа еркін"", - деп жазады Finprom.kz.

Ал азаматтарының экономикалық еркіндігін шектемейтін елдердің көшін Сингапур, Гонконг және Жаңа Зеландия бастап тұр. 1995 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан рейтингте бизнес пен сауда-саттықтың еркіндігі,  қаржылық сектор мен инвестициялардың, монетарлық және алым-салықтың еркіндігі, мемлекет аппаратының қағазбастылығы, еңбек нарығын жемқорлықтан қорғау деңгейі сияқты өлшемдер қолданылып келеді. 

Бұл жолы бірінші орын алған Сингапур мүмкін болған 100 индекстің 89,4-ін алған. Ал көш соңындағы Солтүстік Кореяда бұл көрсеткіш – 4,2 индекс қана. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу