Қазақстан экономикасы он бір айда 4,4%-ға өсті

183

Экономиканың өсуі толығымен мұнай емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілді. 

Қазақстан экономикасы он бір айда 4,4%-ға өсті Фото: kapital.kz

Жыл басынан бері ел экономикасы 4,4%-ға өсті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Осы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,3 проценттік тармаққа жеделдеп, 4,4%-ті құрады. Нақты сектордағы өсу 5%-ті құрады, көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 4,5%-ке артты. Биыл экономиканың өсуі толығымен мұнай емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде. Мұнай емес сектордың өсуі шамамен 5,1%-ті құрады. Өсу серпінінің жақсаруы ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада және көлікте байқалады", - деді ведомство басшысы.

Салалар арасында ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр.

Сауда 8,2%-ке, көлік қызметтері 8,1%-ке, өңдеу өнеркәсібі 5,3%-ке өсті.

"Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 70%-тен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс қамтамасыз етілген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1%-ке өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады. Инвестиция көлемі білім беруде 2,2 есеге, ғылыми және техникалық қызметте – 42,1%-ке, көлікте қызметтерінде – 27,2%-ке, өңдеу өнеркәсібінде – 18%-ке өсті", - деді Нұрлан Байбазаров.

Үздік көрсеткіштер Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында байқалып отыр. Атырау, Ақмола, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу