Қазақстан экономикасына 3,5 миллиард доллар инвестиция құйылады

686

Қазақстан экономикасына 3,5 миллиард доллар инвестиция құйылады

Бүгін елордада ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өтіп жатқан "Kazakhstan Global Investment Roundtable" форумында 3,5 млрд доллардың келісіміне қол қойылады. Бұл туралы форумнан тыс БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бүгін біз сомасы 3,5 млрд АҚШ долларын құрайтын түрлі 12-13 келісімге, келісімшарттарға, шарттарға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Олар түрлі саланы, атап айтқанда тау-кен металлургия кешенін, ауыл шаруашылығын, көлік пен логистиканы және басқа да салаларды қамтиды. Бұл форумға жүзден астам ірі трансұлттық компаниялар,  америкалық, еуропалық және азиялық инвесторлар қатысады. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені бойынша 800 млн долларға есептелген келісімшартына қол қойылмақ", - деді ол.

Сонымен қатар, министр бүгінгі форум барысында бірқатар қытайлық жобалар да қаралып, рәсімделетіндігін атап өтті.

"2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 млрд доллар инвестиция тартылды. Жылдың соңына дейін осы трендті сақтап қалуды жоспарлап отырмыз. Ал келесі жылы міндетті түрде еселей түсетін боламыз. Бізде "бір терезе"  қағидатымен айналысатын ірі "Kazakh Invest" инвестициялық компаниясы құрылды. Жаңа тетіктер пайда болып, жаңа заңнама қабылдадық. Атап айтқанда, біз жаңа салық кодексіне сәйкес жұмыс жасаймыз.  Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданатын болады. Аталған кодексте тау-кен металлургия саласын барынша ырықтандыру жүргізіліп жатыр. Яғни, біз дәл осы салаға инвестиция құйылуын күтеміз. Біз ағымдағы жылы инвестиция өсімі 8-ден 10 пайызға дейін болады деп күтіп отырмыз. Келесі жылы да осы трендті сақтағымыз келеді", - деді Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу