Оның негізгі себебі ішкі сұраныстың кеңейіп, отандық өндірістің мүмкіндігінен асып түсуі.
Қазан айында инфляция ТКШ тарифтерін әкімшілік төмендету есебінен біршама бәсеңдегенімен, базалық инфляция айтарлықтай өзгерген жоқ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Төраға азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауы жалғасып жатқанын атап өтті. Дүниежүзілік нарықтарда геосаяси шиеленіс пен сауда қақтығыстарының әсерінен белгісіздік күшейіп отыр. Әсіресе сиыр еті мен өсімдік майының әлемдік бағасы үнемі өсуде. Осы факторлар проинфляциялық тәуекелдерді арттыра түсіп, ақша-кредит саясатын ұзақ уақыт бойы қатаң ұстауды талап етеді.
Инфляция динамикасы
Қазан айында жылдық инфляция 12,9%-дан 12,6%-ға төмендеді. Бұған, ең алдымен, қызмет көрсету секторындағы бағаның баяулауы әсер етті. Алайда азық-түлік инфляциясы 12,7%-дан 13,5%-ға өсіп отыр. Бұл импорттың, жанар-жағармайдың, көмір мен коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауымен және сыртқы нарықта етке сұраныстың артуымен байланысты.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар да қымбаттап, инфляция 11%-ға жетті. Мұнда да отын бағасының өсуі мен экономикадағы тұрақты тұтынушылық сұраныс әсер етуде.
Айлық инфляция қыркүйектегі 1,1%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді, бірақ жылдық базалық инфляция 12,2% деңгейінде қалып отыр.
Тұтынушылық сұраныс және экономикалық белсенділік
Экономикалық өсім биыл 6,4%-ды құрап, негізінен шикізаттық емес секторларға салынған инвестициялар, мұнай өндіру көлемінің артуы және ауыл шаруашылығындағы жақсы көрсеткіштермен қамтамасыз етілді. Халықтың нақты табысы төмендесе де, ішкі сұраныс жоғары деңгейде қалуда — бөлшек тауар айналымы 8,7%-ға ұлғайған.
Халық сұранысын арттырған басты фактор — тұтынушылық кредит. Банк талаптары қатаңдағандықтан, микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарға жүгіну көбейген.
Инвестициялық белсенділік те жоғары: қаңтар–қазан айларында 13,1% өсті. Бюджет есебінен жүзеге асатын инвестициялар үлесі шамамен 23% болып қалуда.
Сыртқы факторлар және әлемдік баға
FAO деректеріне сәйкес, қазан айында азық-түлік бағасының жалпы индексі төмендегенімен, өсімдік майының бағасы соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге жетті. Еттің кейбір түрлері арзандағанымен, сиыр еті әлі де қымбаттауда.
Инфляция болжамы және экономика өсімі
Ұлттық банк 2025 жылға арналған инфляция болжамын қайта қарап, 12–13% деңгейінде болуы мүмкін екенін хабарлады. 2026 жылға арналған болжам да 9,5–12,5% аралығына дейін кеңейтілген. 2027 жылы инфляция 5,5–7,5% деңгейіне баяулауы тиіс.
ЖІӨ өсімі 2025 жылы 6–6,5%, 2026 жылы 3,5–4,5%, ал 2027 жылы 4–5% болады деп күтіледі.
Базалық мөлшерлеме
Ұлттық банк 2026 жылдың бірінші жартысына дейін базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін көрмей отыр. Инфляцияның тұрақты түрде бәсеңдеу белгілері байқалмаса, мөлшерлемені қайтадан көтеру ықтималдығы да жоққа шығарылмайды.