Қазақстан экономикасының өсу моделі тығырыққа тірелді

267

Мұндай пікірді Atameken Business FORUM алаңында DESHT тәуелсіз сараптамалық орталығының жетекшісі Қуаныш Жайықов айтты.

Қазақстан экономикасының өсу моделі тығырыққа тірелді Фото: ratel.kz

Сарапшының пікірінше, құқық үстемдігі, бәсекелестік және бизнестің ашықтығы қамтамасыз етілмейінше, инвестиция көлемін ұлғайту экономиканы жаңа деңгейге шығара алмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан ұзақ жылдар бойы инвестиция тарту мен шикізат секторын дамытуға негізделген экономикалық өсім моделінің шегіне жетті. Терең институционалдық реформалар жүргізілмесе, инвестиция көлемін арттырудың өзі ел экономикасына өң бермейді. 

Сарапшының сөзінше, Қазақстанда әлі күнге дейін экономикалық табыстың басты өлшемі ретінде тартылған инвестиция көлеміне басымдық беріледі. 

– Инвестицияны көбейту арқылы жалпы ішкі өнімді өсіруге тырысу – тиімсіз тәсіл. Өйткені, инвестицияның өзі ЖІӨ құрамына кіреді. Біз тұтасты оның бір бөлігін механикалық түрде ұлғайту арқылы өсіргіміз келеді. Кедей қоғамдардың басты мәселесі – ресурс тапшылығында емес, қолдағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алмауында. Біз бар активтерден барынша пайда табуды үйренуіміз керек, – деді Қуаныш Жайықов.

Қазір әлемде капиталдың, технологияның немесе білікті кадрлардың жетіспеуі дамудың негізгі кедергісі емес. Егер елде тұрақты әрі түсінікті ойын ережелері қалыптасса, қаржы да, біліктілік те өздігінен келеді.

DESHT сарапшылары Қазақстанды институционалдық дамудың 12 негізгі көрсеткіші бойынша басқа мемлекеттермен салыстырған. Зерттеу нәтижесінде республика Орталық Азия елдері арасында көшбасшылардың бірі болғанымен, дамыған мемлекеттерден айтарлықтай артта қалып отыр.

Экономистің айтуынша, ең үлкен алшақтық салық жүктемесінде немесе әкімшілік рәсімдерде емес, құқықтық институттардың сапасында байқалады.

– Ең күрделі мәселе құқық үстемдігі саласында көрінеді. Бұл – меншік құқығын қорғау, келісімшарттардың орындалуына кепілдік беру және мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құқық үстемдігінсіз орта табысты экономика деңгейіне дейін жетуге болады. Қазақстан бұл кезеңнен өтті. Бірақ 2000 жылдардағы ескі тәсілдермен әрі қарай ілгерілеу мүмкін емес. Экономиканы келесі деңгейге шығару үшін осы "қызыл аймақтағы" мәселелерді шешу қажет, – деді ол.

Қуаныш Жайықовтың бағалауынша, көптеген заң қабылданғанымен, бизнестің едәуір бөлігі әлі де бейресми ережелер бойынша жұмыс істейді.

– Жеке таныстық пен бейресми қарым-қатынасқа сүйенген экономика ауқымды нәтиже бере алмайды. Кез келген мәміле мен келісімшарт адамның жеке беделіне, таныстыққа немесе шенеуніктермен қарым-қатынасына тәуелді болған жағдайда, экономика дамыған елдердегідей жұмыс істемейді. Біз қазіргі ЖІӨ деңгейінде қалып қоямыз. Сондықтан, барлық нормативтік-құқықтық актіге кешенді аудит жүргізіп, жекелеген компаниялар мен тұлғаларға берілетін артықшылықтарды толық алып тастау қажет, – деді сарапшы.

Экономикадағы құрылымдық мәселелердің бірі ретінде Қуаныш Жайықов ATAMEKEN BUSINESS медиахолдингі жасаған Қазақстандағы ең ірі компаниялар рейтингін мысалға келтірді.

Оның сөзінше, егер рейтингтен мемлекет қатысатын және шетелдік капитал үлесі бар компанияларды, шикізат секторындағы кәсіпорындарды, инфрақұрылымдық квазимонополияларды және қаржылық есептілігін жарияламайтын жабық жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді алып тастаса, алғашқы жүздікте небәрі 24 компания ғана қалады. Мұндай жағдайда аталған тізімдегі компаниялардың жиынтық табысы 5,5 есеге қысқарады.

DESHT сарапшылары "мемлекет бизнесті көлеңкеден шығуға және ашықтықты арттыруға ынталандыруы тиіс" деп есептейді. Олар жабық ЖШС-лардың ашық әрі есептілігі жоғары басқару үлгілеріне көшуін қолдауды ұсынады.

Қуаныш Жайықовтың пікірінше, Қазақстан экономикасының келесі даму кезеңінің негізі жаңа инвестициялар емес, ашықтық, болжамды ережелер және тиімді институттар болуы керек.

Жаза кеткен жөн, Atameken Business FORUM – бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен сарапшыларды бір алаңға біріктіруге арналған сараптамалық форум. Іс-шараны ATAMEKEN BUSINESS медиахолдингі ұйымдастырады. Форумның негізгі мақсаты – экономиканың өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу және нақты шешімдер әзірлеу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу