Қазақстан екпе бойынша тәуекел аймағында тұр

1254

Денсаулық сақтау министрлігі нәрестелерге екпе салуды заңмен міндеттемекші.

Қазақстан екпе бойынша тәуекел аймағында тұр

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының директоры Арнұр Нұртаев баласына екпе салудан бас тартушылардың саны артып отырғанын, мұның соңы орны толмас өкінішке апаруы мүмкін екенін айтады. 

"Біз қазір тәуекел аймағында тұрмыз. Өйткені бүкіл әлем бойынша екпеге қарсы қозғалыс қызып тұр. Екпе салудың қажеті жоқ екенін туралы ақпарат кеңінен тарап кетті.  Инфекциялық аурулардан адамдардың мыңдап жаппай қырылғанын адамзат ұмыта бастады. Осыны пайдаланып, екпеге қарсы қозғалыстың насихаты белсенді жүріп жатыр. Біз тәуекел шегіне өте жақын кеп тұрмыз. Егер екпеден бас тартатындар көбейе берсе, ол шектен аттауымыз мүмкін. Салдарынан жұқпалы дерттің өршуінен болған өлімдер мен асқынулардың саны артуы мүмкін. Екпенің арқасында жеңіп, ұмыта бастаған дерттер қайтадан қауіпке айналуы мүмкін", – деген ұлттық орталық басшысы екпенің пайдасын жоққа шығарушылардың қай мәселеде қателесіп жүргенін де атады. 

"Екпе қабылдаған бала да ауруға шалдығуы мүмкін. Бірақ ол ауруды екпе қабылдамаған балаға қарағанда жеңіл өткереді. Вакцина қабылдамаған адам тіпті өліп кетуі мүмкін. Екпеден пайда жоқ деп жүргендер осыны түсінбейді. Проблема осында. Біз БАҚ арқылы  Facebook алаңындағы сарапшылардың жазғанымен шектелуге болмайтынын жеткізгіміз келеді", – деді Арнұр Нұртаев.

Маманның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі түрлі заңнамалық актілерге әлемнің басқа да елдеріндегідей өзгертулер мен түзетулер енгізбекші. 

"Бұл түзетулерде нәрестеге екпе салуды міндеттеу мәселесі қаралып жатыр. Өйткені,  екпеден бас тарту динамикасы өсіп бара жатқанын көріп отырмыз. Оның аяғы неге апаратынын біліп отырмыз. Кейін бәрі ушыққаннан кейін "біз ескерткен едік" деп отырмас үшін алдын алуға тырысып жатырмыз", – деген орталық директоры екпе мен исламды бір-біріне қарсы қоюшыларға қатысты пікір білдірді.

"Ислам дінінің орталығы саналатын Сауд Арабиясына қажылыққа бару үшін  бірнеше ауруға қарсы екпе салдырғаныңыз туралы анықтама көрсетуіңіз қажет.  Сондықтан ислам екпеге тыйым салады деген түсінік негізсіз", – деді маман.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу