Қазақстандық ет өндірушілер Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығын игеруге тырысуда. Сауда және интеграция министрлігі аталған елге алғашқы экспорттық авиаэкспресс ұйымдастырды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазақстанда өндірілген 12 тонна қой еті және 10 тонна сиыр еті салқындатылған түрде авиаэкспресспен Абу-Дабиге жөнелтілді.
"Қазақстандық ет БАӘ-нің барлық ірі сауда желілеріне жеткізіледі: Лулу, Карфур, Юнион кооперациясы және басқалары", ̶ деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахмад аль-Джабер.
Экспорттық тауарлардың алғашқы авиаэкспрессі үшін коронавирусқа қарсы күрес бойынша БАӘ-ден гуманитарлық көмек жүгін әкелген ұшақты пайдалану шешілді. Ал бұған дейін қазақстандық етті экспортқа тасымалдау үшін жолаушылар рейстері пайдаланылып келген.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп экспорттық тауарларды БАӘ-ге апта сайын жіберу үшін азаматтық ұшақтарды пайдалану мүмкіндігі пысықталып жатқанын хабарлады.
"Жалпы министрліктің жоспарында отандық тауарларды әуе көлігімен тасымалдауды одан әрі дамыту бар. Отандық экспорттаушылар тап болған белгілі бір қиындықтарға қарамастан Сауда және интеграция министрлігі жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл өндірушілер мен экспорттаушыларға жұмыс орындарын сақтауға, табыс табуға және тауардың кезекті партиясына тапсырыстар алуға мүмкіндік береді", – деп жазылған хабарламада.
Құралай Құдайберген