Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның Әзербайжандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Әлім Байелдің сенім грамоталарын қабылдады.
Қазақстандық дипломат бауырлас Әзербайжан Республикасында елінің атынан қызмет атқару өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Ә. Байел Қазақстан мен Әзербайжан мемлекет басшыларының тапсырмалары шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету бойынша жұмыс істейтінін айтты.
Сұхбат барысында Әзербайжан Президенті И. Әлиев екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейінің қарқынына көңілінің толып отырғанын айта келе, өзінің Қазақстанға жасаған сапары мен Қазақстан Президентінің Әзербайжанға жасаған сапарының ықпалдастықтың кеңеюіне үлкен серпін бергенін атап өтті. Әзербайжан басшысы өзі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастың қазақ-әзербайжан бауырластық байланыстарын одан әрі нығайтудың кепілі екендігін тілге тиек етті.
Әзербайжан Президенті көлік-логистика саласының екіжақты ынтымақтастықтағы негізгі бағыттардың бірі екеніне назар аударды. Президент И. Әлиев бүгінде жүзеге асырылып жатқан бірлескен инфрақұрылымдық жобалар жүк тасымалы көлемін кеңейтуге жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. И. Әлиев сондай-ақ қазақ мұнайының Әзербайжан арқылы жуырда басталған тасымалының өте маңызды қадам болғанын тілге тиек етті. Президент Әлиев Елшінің қызметіне табыс тіледі
Дипломат сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ елдерімізбен қатар, бүкіл өңір үшін үлкен геоэкономикалық маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың екіжақты ынтымақтастықтағы басымдық екендігімен келісті. Аталған жобалардың қатарында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Каспий теңізінің түбімен фибер-оптикалық байланыс желісін тарту, қазақ мұнайының экспортын әртараптандыру бар.
Кездесуде сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық аренада, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жемісті ынтымақтастық жүргізіп отырғаны аталып өтті. Биыл Қазақстанда өтетін ТМҰ-ның 10-шы мерейтойлық саммитіне дайындық барысы талқыланды.