Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Ержан Қазыханов АҚШ президенті Дональд Трампқа сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ақ үйде өткен кездесуде Ержан Қазыханов АҚШ президентіне Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзі мен ізгі тілегін жеткізді. Кездесу аясында Қазақстан елшісі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағытында, соның ішінде саяси, сауда экономикалық, инвестициялық, құқықтық және мәдени гуманитарлық салаларда нығайып келе жатқанын айтты.
Дональд Трамп Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістігін және еліміздің халықаралық және аймақтық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалады. АҚШ президенті Қазақстан-Америка қарым-қатынасын кеңейтуге қызығушылық танытты және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қолдау білдірді.