Қазақстан елшісі Ливан президентіне сенім грамоталарын тапсырды

675

Қазақстан елшісі Ливан президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Бейрут қаласында Қазақстанның Иорданиядағы елшісі Азамат Бердібай Ливан президенті Мишель Аунға сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында дипломат Мишель Аунға Нұрсұлтан Назарбаевтың ілтипатын жеткізіп, Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай, сондай-ақ еліміздің ауқымды халықаралық бастамалары жөнінде хабардар етті.

Сондай-ақ Азамат Бердібай Ливан президентінің осы жылдың 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының Білім және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысуына сенім білдіріп, Қазақстан-Ливан қарым-қатынасын нығайту және ілгерілету шараларымен таныстырды.

Ливан президенті достық және өзара сенімге негізделген байланысты дамытуға бағытталған барлық бастаманы қолдайтынын қуаттады. 

Азамат Бердібайдың Бейрут қаласына жасаған сапары аясында Ливанның Сыртқы істер министрі Джубран Басиль және СІМ бас хатшысы Шарбель Уахбемен кездесуі өтті.

Сұхбат аясында тараптар Ливан президентінің ИЫҰ Ғылым және технология саммитіне қатысу, екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізу, екіжақты қатынастың шарттық-құқықтық базасын кеңейту, мүдделі министрліктер мен ведомстволар арасында өзара сапарлар ұйымдастыру мүмкіндігі жөнінде пікір алмасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу