Қазақстан әлемдегі ең қауіпсіз елдер рейтингінде 58-орынға ие болды. Бұл тізімді дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары жасаған, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Финляндия әлі де көш басында. Одан кейінгі орындарда Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) мен Исландия. Сондай-ақ бірінші ондыққа Оман, Гонконг, Сингапур, Норвегия, Швейцария, Руанда және Катар кірген.
Қазақстанға жақын көрші елдерден Тәжікстан 49-орын алса, Қырғызстан – 98, Ресей – 109 және Украина – 127-орындарда қалған.
Бір қызығы, Қазақстан дамыған бірқатар елден қауіпсіз болған, мысалы, Франция (67), Ұлыбритания (78) және АҚШ (84).
Рейтинг құрастыруда сарапшылар елдегі қылмыс жағдайына, соның ішінде лаңкестік, халықтың құқық қорғау жүйесіндегі қызметкерлерге деген сенім деңгейіне және тәртіп сақшыларының тұрғындарды қорғау қабілетіне қарай бағалаған.