"Таза көмірдің" заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша "ең үздік қолжетімді техникаларға" көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайын шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр.
Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" АҚ, "Екібастұз ГРЭС-2 стансасы" АҚ және "Алматы электр стансалары" АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігінде нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің "таза көмір" технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу – барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойған болатын.
"Таза көмірдің" заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан қаша алмаймыз, бұл – объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар жағу кезінде ешқандай зиянды қалдықтар бөлмейді.
Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Осы мақсатқа ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылатын болады", – деп атап өтті Премьер-министр.