Ел энергиясының үштен біріне жуығын 10 кәсіпорын пайдаланады

371

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков айтты.  

Ел энергиясының үштен біріне жуығын 10 кәсіпорын пайдаланады Фото: business.hsbc.com.eg

Қазақстанда энергияны ең көп пайдаланатын 10 кәсіпорын елдегі жалпы энергия тұтынудың шамамен 30%-ын құрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олжас Әлібековтың мәліметінше, 2025 жылы аталған 10 кәсіпорын жиынтығында 34 млн тонна шартты отын тұтынған.

"Он ірі тұтынушының үлесіне елдегі жалпы энергия тұтынудың шамамен 30%-ы тиесілі. Сондықтан осы кәсіпорындармен жұмыс істеу экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетудің негізгі бағыттарының бірі", – деді Олжас Әлібеков.

Спикердің айтуынша, ірі тұтынушылар арасында энергетика саласының үлесі 44,7%-ды құрайды. Өнеркәсіпке 42,4%, ал мұнай-газ саласына 12,9% тиесілі.

Қазір энергияны көп пайдаланатын кәсіпорындардың жұмысы Мемлекеттік энергетикалық тізілім арқылы бақыланады. Оған 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым енгізілген. Ал жылына кемінде 50 мың тонна шартты отын тұтынатын ірі кәсіпорындарға энергия тиімділігі бойынша арнайы нысаналы көрсеткіштер белгіленген.

Қазақстандағы энергияны көп тұтынатын 106 кәсіпорынның 53-і өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Оның 30-ы өңдеу өнеркәсібіне, 23-і тау-кен металлургия кешеніне тиесілі.

Олжас Әлібековтің айтуынша, ірі тұтынушылар энергия үнемдеу бойынша жоспарланған шараларды толық орындаса, 1,6 млн тоннадан астам шартты отынды үнемдеуге болады.

"Бұл шаралар толық жүзеге асса, Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 1,5%-ға төмендеуі мүмкін", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу