Қазақстан Таяу Шығыстағы жанжалдың дипломатиялық жолмен шешілгенін құп көреді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министр Қазақстанның үшінші елдің істеріне араласпау ұстанымын бұрын да ұстанғанын, қазір де сол ұстанымнан таймайтынын баса айтты.
"Сондықтан бұл жағдайда біз еш тарапты қолдамаймыз. Яғни, Иран тарабын да, шабуылға ұшыраған елдердің де. Біз мұндай қақтығыстардың болмағанын қалаймыз. Ал егер ондай жағдай туындаса, оны дипломатиялық келіссөздер үстелінде ғана шешу қажет. Біз мұндай қақтығыстар халықаралық құқыққа және БҰҰ жарғысына сәйкес реттелуі тиіс деген ұстанымды қолдаймыз. Мұның бәрі халықаралық құжаттарда нақты көрсетілген. Бұл – өзгермейтін ұстаным", – деді Әлібек Бақаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Журналистер "Қазақстан келіссөздер өткізу үшін тараптарға өз алаңын ұсынуы мүмкін бе?" деп нақтылады.
"Егер ондай өтініш түсіп жатса, біз оны мұқият қарастырамыз. Қазір мұндай өтініштер болған жоқ. Жүгінген жағдайда біздің тәжірибеміз бар. Бұған дейін Иран мәселесі бойынша Алматыда келіссөздер өткізуге алаң ұсынылған еді, бұл мәселені шешуге айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар Сирия бойынша сириялық билік пен оппозиция өкілдері арасында 20-дан астам келіссөз раунды өтті", – деп атап өтті Сыртқы істер министрінің орынбасары.