Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко қазақстандық тарап еуропалық әріптестерімен Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылауды жалғастырып жатқанын айтты.
– Біз визалық режимді жеңілдету туралы айтып отырмыз. Бұл Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасының құнын төмендетуді, мұндай визаны алу үшін қажетті құжаттардың санын азайтуды білдіреді. Өздеріңіз білетіндей, еуропалық тарап кейбір жағдайларда (әр елдерде жағдай басқаша) айтарлықтай көп құжат сұрайды. Біздің азаматтардың біразына осы құжаттарды жинау өте қиын. Сондай-ақ визаны қарау мерзімін қысқарту көзделуде, – деді Роман Василенко Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі визалық режимді жеңілдету жөнінде қызу талқылау жүргізіп жатыр. Бұған дейін Қазақстан ЕО-ның барлық елдерімен визасыз режим енгізген болатын.
– Біз еуропалық әріптестерімізбен ЕО-мен визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздерді әлі де бастай алатын талқылауды қолдаймыз. Өз кезегінде Қазақстан 2017 жылы ЕО-ның барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін визасыз режим енгізді, бірақ кейін бұл режим пандемияға байланысты екі жылға тоқтатылды. 2022 жылдың қаңтарынан бастап ол қайтадан қалпына келтірілді. Әрине, біз өзара қарым-қатынасқа сенеміз. Бұл мәселе қазақстандық өкілдер мен еуропалық тарап өкілдері арасындағы барлық дерлік келіссөздердің басты тақырыбы болып отыр, – деді Роман Василенко.