Еліміз екі жылдан соң Жапонияда өтетін EXPO 2025 көрмесіне қатысуға ниетті, деп жазады inbusiness.kz "QazExpoCongress" ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы EXPO 2025 көрмесіне дайындықты бастап та кеткен.
"Барлық ұйымдастырушылық сұрақ пен "Өмірлерді құтқару" тақырыптық кластерінде орналасатын павильонымызды толық пысықтаудамыз. Көрменің басталуына екі жыл бар, бірақ іс жүзінде уақыт аз. Көрме 2025 жылдың 13 сәуірінде ашылып, 13 қазанында аяқталады. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша көрмеге әлемнің 150 елінен 28 миллионнан астам адам келуі тиіс, сондай-ақ 25 халықаралық ұйым өкілдері қатысады деген болжам бар", – деді ұлттық секцияның бас комиссары Дәулет Еркімбаев.
Айта кетейік, EXPO 2025 көрмесі Осакадағы Юмешима жасанды аралында өтеді. Қазақстан павильоны Италия, Нидерланд, Сингапур және Болгария павильондарымен көршілес орналасатын болады.