Қазақстан фармацевтика саласында әлемдік ірі компаниялармен әріптестік орнатады

Қазақстан ТМД аумағында мұндай деңгейге қол жеткізген алғашқы ел атанды. 

Қазақстан фармацевтика саласында әлемдік ірі компаниялармен әріптестік орнатады Фото: aisne-developpement.com

Еліміз Big Pharma компанияларымен байланыс жасау арқылы технология трансфері мен ғылыми базаны дамытуды көздеуде. Бұл туралы Мәжілістегі көшпелі отырыста Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Жалпы, салаға инвестиция тартудың негізгі тетігі ретінде ұзақ мерзімді келісімшарттар мен инвестициялық жобалар қарастырылып отыр. Қазір 31 қазақстандық өндірушімен 2 мыңнан аса атаудағы өнімді жеткізуге арналған 83 ұзақ мерзімді келісім жұмыс істейді.

 2025 жылдың желтоқсанынан бері жалпы құны шамамен 360 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық келісім жасалған. Бұл жобалар аясында 474 жаңа өнім түрін шығару жоспарланған. Сонымен қатар, 1100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Министрлік фармацевтикадағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде жоғары технологиялық өндірісті жергіліктендіру мәселесін атады. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, диабет және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған инновациялық препараттарға басымдық берілмек.

 Саладағы маңызды өзгерістің бірі – Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағалауы бойынша дәрілік заттарды реттеу жүйесінің жетілуінің 3-деңгейіне жетуі. Осылайша, Қазақстан ТМД аумағында мұндай деңгейге қол жеткізген алғашқы ел атанды. Мұнан бөлек, дәрілерді тіркеу мерзімі де айтарлықтай қысқарған. Егер бұрын сараптама мен тіркеу рәсімі 210 күнге дейін созылса, қазір ол 100 күнге дейін азайтылған.

Ал АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания, Жапония және Корея секілді елдерде тіркелген препараттар үшін жеделдетілген рәсім 15 жұмыс күніне дейін қысқарған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу