Қазақстан фермерлері жылқы мен қой басын сақтандыратын болды

1107

Сақтандыру шығындары мемлекет есебінен субсидияланатын түліктің қатарын қой мен жылқы толықтыратын болды. Бұған дейін тек мүйізді ірі қара басын сақтандыру шығындарына бюджеттен субсидия төленетін, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

Қазақстан фермерлері жылқы мен қой басын сақтандыратын болды

"Нарыққа ұсақ мал мен жылқы басын толық сақтандыруды қамтамасыз ететін жаңа өнімдер енгізілді. Оған барлық ықтимал тәуекелдер кіреді және сақтандырудың құны салыстырмалы түрде төмен", - деп жазылған Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде.

Мұндағы "тәуекелдердің бәрі деп отырғаны" – індет, өрт, жазатайым оқиға сияқты адам еркінен тыс болатын тосын жайттар. Сондай-ақ, ұры сойып әкеткені дәлелденсе де, із-түзсіз жоғалып кетсе сақтандыру арқылы шығынды өтеп алу тетігі ұсынылады.

"Бұрынғы тәсіл бойынша фермер малын өз шаруашылығының аумағында ғана түрлі тәуекелдерден сақтандыра алатын. Ал ұсынылып отырған жүйе бойынша сақтандыру ауқымы 5 шақырым радиустағы аумаққа түгел жүреді", - деліген ресми мәліметте. Мұндағы басты талаптың бірі – сақтандырылатын малдың саны 30-дан кем болмауы керек. Сақтандыруға жататын түлік саны көбейген сайын тариф те өзгеріп отырады. Мысалы жылқыға 2,31 –6,46% аралығында, ұсақ малға 2,38 – 6,16% аралығында тариф ұсынылады. Ең бастысы, мал басын сақтандыруға төленген қаражаттың тең жартысын мемлекет субсидиялайды. Яғни, сақтандыру шартын жасасқан кезде фермер шарттағы бағаның жартысын ғана төлейді. Қалған бөлігін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бөледі" - дейді қордың басқарушы директоры Асқар Қалиев.

Мал басын сақтандыру нарығын алаяқтардан таза ұстау үшін бұл іске Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі берген лицензиясы бар компаниялардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат етіліп отыр.

Сақтандырумен байланысты құжаттар мен қаржылық операциялардың бәрін электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz платформасындағы Agroinsurance ақпараттық сервисінде жүргізуге болады.

Бұл жүйеде сақтандырылған малдың ауруға шалдығу дерегі, оған иесінің қандай емдік шаралар қолданғаны туралы мәліметтер де енгізіліп отырады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу