Қазақстан француздардың лицензиясымен аусылға қарсы вакцина өндірмек

381

Бұл біздің еліміздегі жануарлардың жұқпалы ауруларына қарсы күресті нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан француздардың лицензиясымен аусылға қарсы вакцина өндірмек Фото: СІМ баспасөз қызметі

"QazBioPharm" және "Boehringer Ingelheim" аусылға қарсы вакцина өндіру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің қолдауымен "QazBioPharm Ұлттық холдингі" АҚ Бас директоры Ерғали Абдурайымовтың және "Boehringer Ingelheim Animal Health France" француз компаниясы Президенті Кристиан Вайзеннің қатысуымен лицензия, жеткізу және серіктестік туралы келісімге қол қою рәсімі өтті", - делінген СІМ таратқан мәліметте.

Іс-шараға Қазақстанның Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, француз тарапынан Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, "Vicat" компаниясының басшысы Ги Сидос, Сенаттың "Франция – Орталық Азия" достық тобының төрағасы Эрве Море, сондай-ақ Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты.

Осы Келісімге қол қою, Франция президенті Эммануэль Макронның 2023 жылғы қарашадағы Астанаға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болады.

"Лицензиялық келісімге сәйкес "Boehringer Ingelheim Animal Health France" француз компаниясы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының стандарттары бойынша аусылға қарсы жоғары сапалы вакциналар өндірісін дамыту және оны толық жою мақсатында "QazBioPharm" үшін өз ресурстары мен тәжірибесін ұсынады. Айта кетсек, бұл біздің еліміздегі жануарлардың жұқпалы ауруларына қарсы күресті нығайтуға ықпал етеді және қазақстандық ет өнімдерін одан әрі шетелдік нарықтарға экспорттауға мүмкіндік береді. Аусылға қарсы Вакцинация Үкіметтің аурумен күресу жоспарларының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады", - делінген хабарламада.

"Boehringer Ingelheim" әлемдегі ең үздік 20 фармацевтикалық компанияларының қатарына кіреді және бүкіл әлем бойынша орналасқан 142 өкілдіктен тұрады. Компания аусылға қарсы вакцина штаммдарының кең портфолиосына ие және Еуропалық фармацевтика өнеркәсібі Федерациясы мен қауымдастықтарының (EFPIA) толық мүшесі болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу