Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесінде 300-ге жуық кітап ұсынды

345

​Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өтіп жатқан халықаралық кітап жәрмеңкесінде Қазақстанның ұлттық стенді таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесінде 300-ге жуық кітап ұсынды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Биыл елдің кітап индустриясын таныстыруға 30-дан астам өкіл қатысып отыр.

7–11 қазан аралығында ұйымдастырылған "Frankfurter Buchmesse 2026" көрмесіне Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үшінші рет қатысуда.

Ұлттық стендтен отандық жетекші баспалардың 300-ге жуық кітабын көруге болады. Олардың қатарында "Атамұра", "Мектеп", "Алматыкітап", "Arman-PV", "Сардар", "Мазмұндама", "Отбасы хрестоматиясы", "Steppe & World Publishing", "AmalBooks", "Umai Books", "WiK", "Safitales" және басқа баспалардың өнімдері бар.

Көрме бағдарламасындағы маңызды шаралардың бірі – жазушы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Роза Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" шығармасының таныстырылымы. Кітап қазақ және ағылшын тілдерінде арнайы форматта қайта жарық көрген. Іс-шарадан кейін автор оқырмандарға қолтаңба берген.

Сонымен қатар "Arman-PV" баспасы Жанат Аймұхамбеттің "BÖRTE. Ұлы дала патшайымы" кітабын таныстырса, "Алматыкітап" баспасы Түркістан мен Димаш Құдайбергенге арналған екі жаңа басылымын ұсынды.

Жәрмеңке аясында Оразалы Сәбденнің "Әлем, Абай, жасанды интеллект", "Гарольд және ЛараБелль. Кітаптар патшалығы" және "Күміс кітап 10 жыл" кітаптарының да тұсаукесері өтті.

Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Канада, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Дания, Германия, Ұлыбритания және басқа елдердің баспа өкілдерімен бірқатар кәсіби кездесу өткізуде. Кездесулер барысында халықаралық тәжірибе алмасу, кітап нарығындағы жаңа бағыттар және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу