Мұндай ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігі ҚФФ бұрынғы басшылығына қатысты тергеуде Әділет Бәрменқұловтың күдікті деп танылмағанын мәлімдеп отыр. Мұны Жеңіс Елемесов Сенат кулуарында сөз етті.
– Бәрменқұловты біз күдікті деп танымадық, айып тағылған жоқ, – деді ол.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
– БАҚ тарапынан келіп түскен сұраныстарға жауап ретінде ҚМА Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастағанын растайды, – делінгенді ресми хабарламада.
Кейін Бас прокуратура ел футболында жоғалған 3 млрд теңгенің ізін тапты.
Негізгі заң бұзушылықтар қатарына негізсіз сыйақы төлеу, инфрақұрылымдық нысандарды салу кезіндегі қаражатты мақсатсыз жұмсау, ойыншылармен жасалған күмәнді мәмілелер кіреді.
Сонымен қатар, спортшыларға арналған тамақтандыру қаражатын жымқыру жағдайлары да тіркелген.