Футзалдан Қазақстан құрамасы Иран елінде өтіп жатқан "Төрт ұлт турнирі" халықаралық додасында Әзербайжан құрамасымен тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Кезздесу 3:3 есебімен аяқталды. Кездесу барысында Какау тәлімгерлері 0:2 есебімен ұтылып жатқан. Кейін есепті теңестірді, сосын алға да шыққан еді. Бірақ біздің құраманың футзалшылары жеңісті сақтап қала алмады.
Ойынның 11 минутының өзінде Вассураның соққан екі голының арқасында Әзербайжан құрамасы алға шыққан. Үзілістен кейін ойын біздің құраманың басымдығымен өтті. 25-минутта Таку көзге түссе, жеті минут өткеннен кейін Лео таразы басын теңестірді.
Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда Таку екінші голын соғып, Қазақстан құрамасын алға шығарған. Бірақ соңғы минутта Әзірбайжан құрамасының ойыншылары есепті теңестіріп кетті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Әзербайжан құрамасының тізгінін бұған дейін Қазақстан құрамасымен алматылық "Қайраттың" бас бапкері Какаудың көмекшісі болған Алесио жаттықтырады.