Отандық ғалымдар тісжегіні емдеудің жаңа әдісін ойлап тапты. Заманауи өнім тісті бұрғылаусыз емдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24.kz.
Енді жиі кездесетін тісжегіні алғашқы сатысында бұрғылаусыз емдеп, қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
"Бастапқы сатысы деген не? Тіс эмалінің жұқарып, ол жерде ойық сияқты пайда болады. Ақ немесе сарғыш түсті дақтар болады. Одан кейін ол дами береді де орташа тісжегіге айналады, сосын күрделі импульске дейін жетеді", - дейді кәсіпорын директорының орынбасары Әсел Бөленова.
Өнімнің негізгі бөлігі ақуыз Швейцариядан жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, шетелдік зауыт өндіретін шикізат барлық талаптарға жауап береді. Бүгінде дайын дәріні пайдаланушылар қатарында елордалық тіс дәрігері Асхат Оспанов та бар.
"Мемлекеттік ғалымдардың шығарған препараты болғаннан кейін намысымызды көтерді. 2 пациентке қолдандық. Енді 3 айдан кейін көреміз. Оның нәтижесі болуы үшін жарты жыл керек", - дейді тіс дәрігері Асхат Оспанов.
Қазақстандық дәріге алдымен украиналық дәрігерлер тапсырыс берген. Кейін отандық емдеу мекемелері де қызығушылық білдіре бастады. Ал технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік 40 млн теңге көлемінде грант бөлген. Сөйтіп заманауи техника сатып алыпты.
Препараттың 40 пайызы Қазақстанда сатылады, ал 60 пайызы экспортқа жіберіледі екен.