Қазақстан газ транзитін 73,3 млрд текше метрге дейін ұлғайтады

310

Үкіметте газ саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.  

Қазақстан газ транзитін 73,3 млрд текше метрге дейін ұлғайтады Фото: gov.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Онда ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету ұзақмерзімді жоспарлауды, ресурстық базаны кеңейтуді және стратегиялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруды талап ететіні атап өтілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы экономиканың орнықты дамуы үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым, ішкі нарықты энергия ресурстарымен сенімді түрде қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін әрдайым атап көрсетеді. Бұл міндеттер толығымен газ саласына да қатысты. Себебі ішкі тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Өткен жылы 20 млрд текше метрге жетті.

Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді және Перспективалы жаңа кен орындарын игеру жоспарларын бекітті", – деп атап өтті Премьер-министр.

Президенттің Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда өңірлерді газбен қамту жеделдетіледі. Халықты қамту деңгейі 2035 жылға қарай 80%-ға дейін жетпек. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздің газбен қамтылу деңгейі – 64,2%, табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген. Биыл газ тасымалдау жүйесін дамыту 40 жоба аясында жалғасады, оның ішінде 7-сі бұрыннан бар және 33-і жаңа жоба.

Еліміздің солтүстігін көгілдір отынмен қамтамасыз етудегі негізгі қадам – Қазақстан Үкіметі мен "Газпром" ЖАҚ арасында "Есіл – Астана" магистральдық газ құбырын салу туралы меморандумға қол қойылған.

Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік пайда болады.

"Елімізді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша газ транзиті – 70,4 млрд текше метр, 2026 жылға арналған жоспар – 73,3 млрд текше метр", – деді министр Ерлан Ақкенженов. 

Сондай-ақ, 2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан аумағы арқылы 30,3 млрд текше метр газ транзиттелгенін баяндады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу