Қазақстан 2024 жылы ресейлік “Газпром” компаниясымен 15 жылға арналған шартқа қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр XII Санкт-Петербург халықаралық газ форумында айтты, деп жазады inbusiness.kz ria.ru порталына сілтеме жасап.
Склярдың сөзінше, форум барысында келесі жылы “15 жылға арналған” нақты шарттар жасасу мерзімдері айқындалатын негіздемелік келісімге қол қою жоспарланып отыр.
“Бұл негіздемелік келісім. Онда 2024 жылдың ортасында 15 жылдық перспективада нақты шарттарға қол қою мерзімдерін анықталатын болады. Бізге де, Ресей Федерациясына да бұл мәселеде тұрақтылық қажет. Біз қандай да бір маңызды келісімдерсіз газды пайдаланатын жаңа энергия қуатын дамытып, өнеркәсіптік кәсіпорындарды сала алмаймыз”, - деп түсіндірді Роман Скляр.
Бұдан бөлек ол “Орта Азия-Орталық” газ құбырының мүмкіндіктерін арттыру ниеті туралы да хабарлады.
“Біз “Орта Азия-Орталық” газ құбырының мүмкіндіктерін арттыратын боламыз. Қазақстан арқылы транзитті одан әрі дамыту және ресейлік газды басқа нарықтарға одан әрі экспорттау жоспары бар”, - деді Роман Скляр.