Қазақстан Германияға мұнай тасымалдаймыз деген уәдесінде тұра ала ма?

536

Қазақстан Германияға мұнайды әлі экспорттай алмай отыр. Бастапқыда бәрі шешіліп тұр деген Энергетика министрі енді техникалық мәселелер туындап тұрғанын алға тартты. 

Қазақстан Германияға мұнай тасымалдаймыз деген уәдесінде тұра ала ма? Фото: 7kun.kz

Ол тез арада шешілсе, экспорт қарқын алатынына сенімді. Алайда, қазақтың немістерге қара алтынды әлі күнге дейін жібере алмай отырғанның астарында саяси мән бар, дейді сарапшылар

Германия Қазақстанның  шикі мұнайын алуға былтыр ықылас білдірді.  Жыл басында экспорттың алғашқы легі жіберілуі тиіс еді. Міне екінші айға өттік. Әзірге алға жылжу жоқ. Яғни біз ойлағандай оңай шаруа болмай шықты. Бұған дейін бұл мәселені Энергетика министрі Болат Ақшолақов "Ресейден ресми жауап күтіп отырмыз" деп түсіндірген. Себебі, өнім солардың шекарасы арқылы өтеді. Енді министр басқа мәселенің ұшын шығарды. 

"Германияға өкінішке орай техникалық жағдайлар болып кетті. Біздер өткен айдың соңына дейін жеткіземіз деп жоспарладық. 20 мың тоннаны. Бірақ ол жаңадан ашылып жатқан бағыт. Бұның бүкіл құжаттарын әзірлеу керек", деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов. 

Бұған дейін Қазақстан Ресеймен жүргізген ауызша келісім бойынша мұнай "Дружба" құбыры арқылы жіберілуі тиіс еді. Жылына бір жарым млн тонна экспорттауымыз мүмкін. Әйтсе де Қазақстан 6 млн тоннаға дейін тасымалдауға қауқарлы. Ал Германияның сұранысы бұдан да жоғары болып тұр.Оның маршруты былай. Альметьевтен басталып, Брянскқа дейін барады. Сосын Беларусьтің Мозырясынан кейін солтүстік және оңтүстік болып екі бағытқа тармақталады. 

Алайда соңғы уақытта құбырдың жұмысы жиі тоқтай бастады. Бұған зымыран шабуылы мен электр энергиясының үзілуі себеп. Осыдан кейін қазақтың мұнайы Германияға аман есен жететіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сарапшылар мұның "саяси астары бар" деген ойды алға тартып отыр. Пікірлер қайшылығы тағы бар. 

"Кремльде отырған бір топ мүшелері айтып жатыр. Қазақстан осы санкциямен Ресейге жақын болуы керек. Қазақстан мұнайын жіберуге тыйым қою керек. Басқа мүшелер айтып жатыр. Қазақстан бізге жақын мемлекет. Сондықтан осы мұнайды жіберу керекпіз. Біздер көмектесу керекпіз. Неге десеңіз бізге бәрімізге мәлім санкцияға байланысты Ресейдің мұнайы Еуропаға бармай жатыр. Сондықтан қазақтың мұнайы ресей территор арқылы баруға тиісті", дейді Сарапшы Асылбек Жакиев. 

Негізі "Дружба" арқылы баратын мұнай "Қарашығанақтан" шыққан. Ол итальяндық компанияға тиесілі кеніш. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты ресейліктердің көңілінен шықпай отырған мәселенің бірі осы болуы мүмкін дейді сарапшы. 

"Жалпы қазір капитализм нарықта тұрып жатырмыз ғой. Ол не деген сөз қалай болады. Ешкім білмейді. Сондықтан болжау өте қиын", дейді Сарапшы Асылбек Жакиев. 

Иә, болжам жасау қиын. Ал жақында нақтыласақ 5-ші ақпанда Еуроодақ Ресейді тағы да санкциямен соққыламақ. Осыдан кейін тіпті кәрі құрлықта мұнайға деген сұраныс арта бермек. Сондықтан Қазақстан баламалы жолдарды қарастырған жөн. Мәселен Каспий арқылы Баку-Тблиси-Жихан бағытын көру керек. Әйтпесе сол беті Германияға мұнай экспорттаймыз деген уәде орындалмай қалуы ғажап емес. Бұл сарапшылардың ұсынысы. Ал Энергетика министрі Болат Ақшолақов қалайда ақпан айының екінші жартысында қара алтынды жеткізуге бекінді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу