Қазақстан Германиямен агротехнология және азық-түлік қауіпсіздігі саласында әріптестікті арттырады

88

Кездесу барысында Азат Сұлтанов аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жоғары басымдыққа ие екенін атап өтті.

Қазақстан Германиямен агротехнология және азық-түлік қауіпсіздігі саласында әріптестікті арттырады Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Берлин қаласында өтіп жатқан Азық-түлік пен ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық форумның (Global Forum for Food and Agriculture, GFFA) 18-отырысы аясында ұйымдастырылған Ауыл шаруашылығы министрлерінің халықаралық конференциясы барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Германияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі федералдық министрі Алоис Райнермен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Германияның азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын орнықты дамыту мәселелері бойынша халықаралық диалогтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі негізгі рөліне назар аударылды.

"Қазақстан орнықты агротехнологиялар, су ресурстарын басқару және агроинновациялар салаларында Германиямен өзара іс-қимылға ерекше мән береді, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және тауар айналымын ұлғайтуға мүдделі. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 20%-ға өсіп, экспорт көлемі 41%-ға артты. Бұл жеткізілімдерді кеңейтуге және кооперацияны дамытуға деген өзара қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді", – деді вице-министр.

Іскерлік бағдарлама аясында Азат Сұлтанов Германияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі федералдық министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Маркус Шикпен де екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамытуда 16 жылдан астам уақыт бойы маңызды рөл атқарып келе жатқан Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогының тиімді тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды іске асыру және әріптестік байланыстарды нығайту алаңы екені атап өтілді.

Табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалы ретінде Қазақстанда сүт өндірісін орнықты дамытуға бағытталған қазақстандық-германиялық бірлескен жоба (KFM) аталды.

2019 жылы іске қосылған сәттен бастап жоба айтарлықтай практикалық нәтижелер көрсетті.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және өңірде ауыл шаруашылығының орнықты моделін қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу