Қазақстан GovTech цифрландырудың платформалық моделіне көшеді

552

Бүгін Шығыс экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф Қазақстан Республикасының цифрлық трансформациясы, цифрландырудың платформалық моделіне және "Data-Driven Government" тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан GovTech цифрландырудың платформалық моделіне көшеді

Қол қою рәсімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путиннің қатысуымен бейнеконференция байланысы форматында өтті. Құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдерін көздейді.

Цифрлық архитектураның платформалық моделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады.

"Бұл жоба мемлекеттеріміздің өзара сенімінің белгісін тағы бір айқындай түседі. 15 жылдан астам уақыт біздің нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан СБЕР-дің қазақстандық мемтехтың институционалдық негізін қалыптастыруға атсалысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты зияткерлік технология сияқты аса маңызды сала арқылы жан-жақты ете түседі. Шын мәнінде, бұл өте маңызды қадам", — деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы стратегиялық жобаны іске асыру Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес ахуалды жақсартуға ықпал ететінін айтты.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз сөзінде ҚР Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасындағы құжатқа қол қою екі елдің барлық саладағы, соның ішінде цифрландырудағы ынтымақтастығының жоғары деңгейінің тағы бір дәлелі екенін атап өтті.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу